Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  193


Автор: Қасымхан Бегманов

ЕСКI ЖҰРТ

Бабам көрген,
атам көрген ескi бел,
Сағыныштан тұнжыраған кештi көр.
Жасқа толы жанардайын қарашы,
Күн астында мөлдiрейдi кешкi көл.
Аман-есен жатырмысың ескi қыр,
Сырласуға арнап келдiм кештi бұл.
Ескi адамдар жатқан ескi төбенi,
Аймалап тұр, аялап тұр кешкi нұр.
Ескi тамның жанындағы ескi арық,
Өкпелетiп алғам жоқ па кеш барып.
Қариялар қой қайтарған құба бел,
Сендердi аңсап келiп тұрмын кеш жарық.
Кешiр менi жұмбақты өңiр, сестi өңiр,
Сағынышты жеткiзе алман ескi өңiр,
Не айтасың сәбиiңе кешегi,
Тiрлiгiме толар емес еш көңiл.
Ескi өңiрде тұрған бiр кез ескi адам,
Көз жұмарда деген едi-ау кеш балам.
Кеш барам деп ойлағам жоқ, кеш бабам,
Жаңа жерде сенi талай еске алам.
Бар қызықтан жырақ қалған ескi там,
Қабырғасы құлап қалған ескi там.
Қарттарыма тұрақ болған ескi там,
Шөлдегенге бұлақ болған ескi там.
Жалғыздықтан жыладың ба, ескi там,
Шулап тұрған құлағым ба, ескi там.
Әлде көмек сұрадың ба, ескi там,
Жауап бершi сұрағыма, ескi там?..
Бала болғам мен де осында ес кiрiп,
Көп нәрсенi талайлардан кеш бiлiп.
Қарттарыммен бiр кетiптi-ау бiлмеппiн,
Басыңнан бақ айналайын ескi жұрт.
Кешiр менi, кешiр менi кешкiлiк,
Қаперiме келмеушi едi еш күдiк.
Қара шалдар қауын тасып, кемпiрлер
Көрiнбейдi отыратын төс тiлiп.
Ұмыттық қой барлығын да ер жетiп,
Төсек тартқан қайран шалдар бел кетiп.
Сырғанадық киiп сенi қанша жыл,
Кеш болса да алғыс айтам, керзi етiк.
Көкiрегiмде лаулап тұрған жастық бар,
Қайда қалды қауын салған қапшықтар.
Ұзақ жылдар басымызды сүйедiң,
Апам тiккен, әпкем тiккен жастықтар.
Бар асықты көршi ауылға ұттырып,
Жүрген кез-ай көрсете алмай мықтылық.
Тоз-тоз бопты қалың бау да кешегi,
Жыластарын жейтiн үске жұқтырып.
Ұнамайтын маған боран, қыс қана,
Таяқ жесем әжем байғұс түстi ара.
Кештiм сенi мазақ етiп қыздарға,
Өн бойымды шымырлатқан ұстара.
Бар ауылға өзiм жазған жыр тарап,
Жүрген кез-ай, дауылдатып бұрқап ап.
Бiз қарызбыз жауратпаған аязда
Әжелерге жасап берген ұлтарақ.
Жаңа өмiрге жаңа көзбен қарадық,
Сол көзқарас алып шықты дара ғып.
Сiздерге ерiп кеткеннен соң балалық,
Ескi жұрттан жан-жаққа бiз тарадық.
Жан жұлдызым жарқырай ма, жана ма,
Нұрын шашып әлде ертерек аға ма?
Басымды ием құдiретiңе аяулы,
Аруана ана, ару ана, жан ана.
Туған жер ғой жарататын алып қып,
Жалаң аяқ қара жолмен жарыстық.
О, ескi жұрт, айналайын жарықтық,
Менiң жырым бұдан былай халықтық.
Ескi өңiрде жусан қандай, тау қандай,
Қара суы тiл үйiрген саумалдай.
Өне бойым тiтiркендi түп-түгел,
Ескi жұрттың мұңы маған ауғандай.
Жусаныңды жүрегiмде сақтадым,
Қайда барсам сендей дала таппадым.
Тағдыр солай алыс кеттiм мен бүгiн,
Кешiр менi, кешiр менi, қарттарым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу