Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  87


Автор: Қасымхан Бегманов

Татьяна қыз және мен

Қап-қара түнде қыстауға бардым сенiмен,
Саратов жақтан адасып келген елiк ең.
Көгiлдiр көздiм қазақша әзiл айтқанда,
Қырқада жатқан қарлардай бейне ерiгем.
Менiмен қатар желгенде ақ боз атпенен,
Кеудеңде сенiң төгiлiп тасып жатты өлең.
Татьяна деп жаңғырып жатты таулы аймақ,
Алматы жаққа аттанды жырым хатпенен.
Басында тұрып сыры көп ескi қырқаның,
Астыңда ақ боз, Жагор қызын сен шырқадың.
Әнiңнен кейiн ап қалып ғашық жырымды,
Жасық жырымды газетке бермей құртамын.
Өмiр деген, өмiр бұл, бәлкiм, той шығар,
Сәбидей пәкпiн мазалауды ендi қойсын ар.
Орыстың қызы қазақтың әнiн шырқаса,
Қауқылдасады қолдарын соғып қойшылар.
Шаршадық рас, мәнi жоқ кейбiр нұсқаудан,
Есiме бүгiн өзiңмен барған түстi аудан.
Қоңыр төбедей тебiрендi дана қарттарым,
Ән тарап жатты сол түнi ескi қыстаудан.
Пендеге әлi көрген емеспiн жағынып,
Әнiңе сенiң жүрген бiр жанмын табынып.
Үлгiлiдегi Биболат қарттың қыстауы,
Татьяна қыз, күтедi сенi сағынып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу