Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  93


Автор: Қасымхан Бегманов

ӨМIРБАЯН ОРНЫНА ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ

Тамыздың туылыппын төртiнде мен,
Сырым көп сендерге әлi шертiлмеген.
Қолды сiлтеп кетiп ем барлығына,
Қайтадан Алматыға келтiрдi өлең.
Иттей талап, шеттеттi, қақпайлады,
Жан дос деген жақыным сатты айлалы.
«Iшкiш,
жүргiш, жазғаны түк емес»,– деп,
Жоғарыға жалалы хатты айдады.
Эфирлерден ән болып естiлмедiм,
Тым кеш сездiм есiмнiң кеш кiргенiн.
Шынымды айтып,
шырылдап, шырқырап ем,
Сырларыма сенбедi ешкiм менiң.
Қатты батты, жаныма сенбегенi,
...Шыр айналды уақыттың дөңгелегi.
Бақытсыз көп ақынға қоса салдың,
Айырбастап бiреуге сен де менi.
«Ешкiм жаза алмайтын»,–
жырың бар деп,
Шылауыма оралып, шырылдар кеп.
«Ғайыперен, қырық шiлтен» алдамайды,
Өзiмдi-өзiм алдаймын шыңым бар деп.
Боратқан етектегi есектiлер,
Күн сайын жүрегiмдi, өсек тiлер.
Жетiмдерге қайырым жасап едiм,
Күлiп жатты сыртымнан есептiлер.
Итпен жылдас, айлас боп арыстанмен,
Дүние екi келмейдi алысқанмен.
Алматының аяулы кештерiнде,
Талай-талай жүрсем де данышпанмен.
Күншiлдiктiң апыр-ау, сыры неде,
Топ-топ қазақ...
бастары бiрiге ме?
Алыс ауыл,мен сенiң үмiтiң ем,
«Ақтадың»,– деп айтпайды бiрi неге.
Бiрi айтпады-ау,
жылы сөз шiркiндердiң,
Жылап тұрып...
тұлпардай сiлкiнгенмiн.
Ей, пенделер, сендерден жерiген соң,
Жалғыз барып бейiтке күрсiнгенмiн.
Сезгем нұрлы жанымның тазарғанын,
Бiзден кейiн шыққандар...
жазар бәрiн.
Қарайлама артыңа, қайран менiң
Ақ сапарға аттанған ғазалдарым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу