Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  94


Автор: Қасымхан Бегманов

ТӨРТ МЕЗГIЛ

Мына жолдар барады алып көктемге,
Ешқашан да оралмайды ол өткенге.
Жете сала өте шығар
жазды iздеп,
Мұратына бiздей ол да жеткен бе?
Құлақ түрiп бұлақтардың назына,
Құлақ түрiп аққулар мен қазына.
Күзге қарай
басталады сапары,
Жеткеннен соң қызығы көп жазына.
Күзге жетер жапырағы сарғайған,
Сағыныштан үзiлердей талмайды ән.
Ары қарай
қысты iздеп жан-жақтан,
Тарау-тарау жол шығады шалғайдан.
Аппақ қарға оранғандай шартарап,
Көктемдегi аманатты арқалап.
Қысқа жетер
сақылдаған аязы,
Күзден қашқан қара жолдар анталап.
Қыстан кейiн көктемдi iздеп жол шығар,
Ырыздығы жолаушының мол шығар.
Төрт мезгiлден тұратұғын, аяулым,
Бұл өмiрдiң бар қызығы сол шығар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу