Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  101


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЖҰЛДЫЗДАРҒА ІҢКӘРЛІК

Аспаннан көре алмасам жұлдыздарды,
Тірліктің түсі тартар мүлде ызғарлы.
Жабығып жан-жүрегім жадаурайды,
Көңілім кешкендей боп кіл мұз-қарды.
Болса да жылуы жоқ
Жылтырақ құр,
Жанарым неге іздейді шырқырап бір?
Білмеймін бұл не жұмбақ? —
Сол жұлдызда
Жүректің ашылмаған құлпы қап тұр.
Құштармын жұлдыздарға қаршадайдан,
Аумайды аспан маған жан сарайдан.
Жұлдызсыз түнді көрсем
Жаным — соқыр,
Тұншығып бұршақтайды тер самайдан.
Жұлдызсыз аспан маған —
Гүлсіз бақтай,
Шоламын түн құрғатпай
Үнсіз жатпай.
Бір жұлдыз байқап қалсам
Қуанамын
Құдайдан келе жатқан тілсіз хаттай..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу