Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  452


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ДОСТЫ САТУ

Достықтан достық туар деп,
қайырсыз істен қалыс қап,
жақсылық — жаттар дұғаң боп,
жамандық сезсең — алыстап;
рақымның атын суарып,
күншілдік сезсең осқырып,
кім келсе — соған қуанып,
дүниенің бәрін дос қылып;
әркімге жайып жаныңды,
шатыр боп, кейде қалқан боп,
ұмытып ұя, қамыңды,
өзге үшін санаң талқан боп;
сандалып тапқан сол досың
сатып бір кетсе сыртыңнан...
сұрарлық қандай хал болсын, —
сенімің көктей қырқылған?..
аз ба еді көрген құқайың,
тірліктің түбі неткен бос?
түгендеп алар ұпайын,
сыртыңнан сатып кеткен дос.
«Дос сату» деген — осындай
сауданың шықса жаңасы,
байитын болдық, досым-ай, —
удай ғой достық бағасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу