Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  81


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Мен бақытты адамға қызықпаймын...

Мен бақытты адамға қызықпаймын,
Жұлдызымды жатса да үзіп қайғым.
Өміріме қарасам —
өгізі мен
соқасына сенетін мұжықтаймын.
Қызғанбаймын басқаның бақытын мен,
өңмендеумен өтуге уақытым кем.
Тіршіліктің тамырын түптесем де,
Телмірмеймін алам деп ақы кімнен.
Өмірімнің өткізіп қанша көшін,
Заманымның көргенде әуселесін,
Балға — басты
Ұрғанмен тау мен тасқа
Түзетермін қисайған қай шегесін?
Арбағанмен көзімді басқа қала,
Ауылымды аңсаймын астанада.
Цирктегі
Жолбарыс секілденіп
Ораламын кейде мен баспанама.
Бақыттылар өмірде табылады,
Сол қиялды қумасам неғылады?
Күшті қолда көк шыбық жарқ еткенде,
Найзағайды
Жолбарыс сағынады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу