Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  96


Автор: Ұлықбек Есдәулет

УАҚЫТТЫ КІМ ЖАРАТТЫ

Уақытты кім жаратты екен
жылдам ғып?..
бала кезде бұлықсыдық, бұлдандық,
жігіт шақта қызық қуып, қыз қуып,
шатақ қуып, шалқып-тасып, жындандық,
тайталаста түсіп талай итжығыс,
уақыт — бізді,
біз — уақытты құлдандық,
қолдағының бәрі сусып уыстан,
ақырында айдалада құр қалдық.
Уақытты кім жаратты екен
өтпес қып?..
сағыныштың сары өзенін көп кештік,
күтуменен өтті біздің бар өмір,
шыдамның да шегіменен беттестік,
тұлпарлардың тұяқтарын талдырып,
ғашықтарды бір-біріне жетпес қып...
біз — уақытты,
уақыт бізді аямай,
бір-біріміз етімізден ет кестік.
Уақытты кім жаратты екен
мұндай ғып?..
ешкімге де енші болмас бұл байлық,
уақыт деген кімге — бақыт, кімге — сор,
кімге — ғарыш, кімге — намыс, кімге — айлық,
уақыт мені төске салып илесе,
мен уақытты тартып жүрмін сырнай ғып,
одан өтер екі жүзді көрмедім
қалыбынан кете берер күнде айнып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу