Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  105


Автор: Ұлықбек Есдәулет

1992 ЖЫЛҒЫ 28-ҚАЗАН. АҚЫРЗАМАНДЫ КҮТУ немесе НОСТРАДАМУСҚА МҰҢ ШАҒУ

Өкініштен отырмын бармақ тістеп,
өкінішсіз күндерім қалмақ түс боп,
ыңыршағы айналған көкірегіме
ұя салмай кетті ғой самғап құс кеп.
Өкінемін...
несіне өкінемін?
жылай берді жүрегім — жетімегім,
кейде
осылай ойран боп көкірегім
кетілмейтін тұстарда кетілемін.
Кімнен көрем?
білмеймін кімнен көрем,
махаббат құс безді ме мүлдем менен?
Ала киімін мұңымның киіп алып,
жапа шегем өзімнің түрмемде мен.
Тағы кірді түсіме боз ат бүгін,
осы ма еді аңсаған азаттығым?
Өкініштің жетер ме өтеуіне
саусақпенен санарлық аз-ақ күнім?
Кірледі ме көңілім — «кәпірзадам»?
мен шығармын кеш туған ақырғы адам?
Құшағым мен
төрімнің қайсысы ашық,
келсең келші,
қиямет — ақырзаман!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу