Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  57


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Жүрегімді тырнап жатыр біреулер...

Жүрегімді тырнап жатыр біреулер,
Көкірегімді қырнап жатыр біреулер.
Бауырымды, бүйрегімді суырып,
Ұрлап жатыр, жырғап жатыр біреулер.
Алақанға қарап енді бал ашпан,
Алтын тұяқ қалды ма деп алаштан?
Ақ ниетім қызыл қанға боялып,
Бүгін міне, зеңгір көкпен таласқан.
Кеңдігінен қорлық көрген пейілім,
Ғажайыптан күтемісің мейірім?
Екі аяқты бір етікке тықса да,
Сол кеңдікті сақтап қалшы, ей, ұлым!
Ақ бесігін тастаса да қырқысқа,
Атымтай боп көрінуге жұрт ұста.
Бабалардың қаны сіңген байрақ-жер,
Айналып бір кетпесе екен жыртысқа?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу