Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  191


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ТОТЫҚҰС

Алтынмен торың апталған,
Өзегің толы өкініш.
Қиыр шет, алыс жақтардан,
Тарту боп келген тотықұс.
Кейуақта болдың сырласым,
Тотым-ау, менің тотым-ау.
Бейуақта болдың мұңдасым,
Біздің де көңіл жетім-ау.
Сайрасаң — сазың ғаламат,
Тұрпатың титтей, қос уыс.
Әуенің бойды аралап,
Егілтер мені, тотықұс.
Сайрайсың нені ән қылып,
Тотым-ау, менің тотым-ау,
Сағынтып өтер мәңгілік,
Тіршілік деген осы ма-ау?!
Сағынып туған жеріңді,
Шерлендің бе әлде, тотықұс.
Аңсаймын мен де елімді,
Ұшпаймыз неге, не тұрыс?
Ұшырсам сені көгіңе,
Тотым-ау, менің тотым-ау,
Сәлем айт туған еліме,
Олар да аңсап отыр-ау.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу