Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  81


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚАРЛЫҒАШТАР

Қарлығаштар,
құйылып құбыладан,
келіңдерші көктемде тірі маған,
мен сендермен о баста бірге туып,
өздеріңмен өрбігем бір ұядан.
Дүниенің болса да сырына алаң,
құс сырына бойлап па ғұмыры адам?
сендер ұшып кеткенде,
қарлығаштар,
жерде қалған жалғыз мен бір ұядан.
Орамадан соғылған сылақ үйде,
қала бергем қайрансыз құба күйде,
қайырымды құдайдан қанат сұрап,
келер дегем самғайтын күн, әрине.
Күн туғанда шалқыма, шаттығы көп,
қанат қағам тұңғыш та ақтық рет,
кетем ұшып мен дағы бұл әлемнен,
көк аспанның маған да жаттығы жоқ!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу