Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  225


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ТАҒЗЫМ

Ардақтаған асылымдай Түркістан,
алтын ине жасуындай Түркістан.
Мекке менен Мәдиненің мұңдасы,
мұсылманның ғашығындай Түркістан.
Бүкіл әлем бас иетін Түркістан,
қадірменім, қасиетім,
Түркістан,
өзің айтшы,
ақтадым ба ақ сүттей
Иассауидің өсиетін, Түркістан?
— Түркістан! — деп,
талай ұрпақ қырқысқан,
тәбәріксің тиген маған жыртыстан,
көктің жүзін көктей өткен түріктің
қайта оралған қазығысың, Түркістан,
маңдайдағы жазуысың, Түркістан!
Бар шаһарға аға болған Түркістан,
Бар қасиет дара қонған Түркістан.
Құдай өзі оң көзімен қараған,
Бар піріме пана болған Түркістан!
Алтын ердің қасы болған Түркістан,
қара көздің жасы болған Түркістан,
қанға біткен қызғалдақтай қызырым,
ата-бабам басы қалған Түркістан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу