Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  163


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АРАЛ. КЕРТОЛҒАУ

Тілім-тілім
тілім кетті жарылып,
күлім-күлім
көзім қалды қарығып,
жырым-жырым
жағалаудай ерінім,
бұлым-бұлым
толқындарды сағынып...
Жүрегімді кім бар екен жебейтін,
тілегімді кім бар екен елейтін,
қапелімде қарап қалып айнаға
өзімді емес,
көрдім Арал шөлейтін.
Мен — кемемін қаңсып қалған жапанда,
мен — керегім жоқ жиһазбын Отанға,
мен — денемін Құс жолында адасқан,
мен — келемін індет болып жаһанға!
Енді енемін түстеріңе тажал боп,
тербелемін сағым басқан мазар боп,
жерлегенің Арал ма, әлде Адам ба,
кім болса да өлген жанға ажал жоқ!
Ізде мені бұйрат құмның буынан,
ізде мені әбжыланның уынан,
мен — Аралмын,
һәм Ажалмын,
біліңдер,
білмегеннің кеңірдегін суырам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу