Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  214


Автор: Шашубай Қошқарбайұлы

ТЕМІРЖОЛШЫЛАР КҮНІНЕ

Кәрі жолдас гармоным –
Болып едің жасымнан.
Жан серігім, дәрменім,
Кел жырлайық қосылып,
Ұмыт болды бұл күнде
Қолтықтап сені ел кезіп
Жаяу қорлық көргенім.
Түйесін қомдап, қой айдап,
Жерге тиіп табаным.
Керуенге зорға ергенім.
Күндік жерге ай жүріп,
Ат арытып, тон тозып,
Нелер қорлық көрмедім.
Бүгін, міне, қарасам,
Халқымның байтақ даласын.
Өткендегі жаяулық,
Түсіп еске баяулық,
Таңғажайып қаласың.
Сала-сала жол салып,
Ұзартып оны мол салып,
Ұштастырып жіберді,
Қала мен колхоз арасын.
Ерсіл-қарсыл жүйткітіп,
Түтіндетіп ұйтқытып,
Қара арғымақ қажымас,
Қамбардың қара атындай
Орғып әне барасың.
Ауыздықпен алысып,
Сағымменен жарысып.


Жөнелгенде арқырап,
Жер танабы тартылып,
Будақтаған түтіні
Қара бұлттай артында
Қала беред сарқылып.
Кең даланы сайрандап,
Масатыдай жайнаған.
Малды аралап жайлаған,
Тізгінін қағып тебініп,
Басқарып жүр ұл-қызым,
Әнге салып шарқ ұрып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу