10.06.2022
  107


Автор: Серік Тұрғынбеков

МАХАМБЕТТІҢ МҰҢЫ

1
Алды...
Алды бәрін де,
Несі қалды алмаған.
Алты басты алпауыт
Айналасын жалмаған.
Ала құйын секілді
Алай-түлей бір заман
Жер мен көкті жалғаған.
Ел билесе
Ес кетер –
һәм нақұрыс,
һәм надан.
Қусырылды
Қу Дүние,
Қайда барып жан бағам!
2
Құм Нарынды алғаны –
Тал бесікті талқандап,
Құндағымды алғаны.
Ақ Жайықты алғаны –
Арғымағымды арқандап,
Аяққа тұсау салғаны.
Қиғашымды алғаны –
Қимасымнан айырып,
Қиқуды басқа салғаны.
Тептерімді алғады –
Қызғалдақты құла түз,
Бөктерімді алғаны.
Ойылымды алғаны –
Оймақтай жер қалдырмай
Ойранды әбден салғаны.
Қиылымды алғаны –
Күйігімді көбейтіп,
Қиындықтың болғаны.
Еділімді алғаны –
Ерегескен дұшпаным
Ерлерімді мерт қылып,
Елдікке таңба салғаны!
3
Қара Жер мен Көк аспан,
Жаратқанда о бастан,
Діні басқа болған соң,
Қаны басқа болған соң,
Тілі басқа болған соң,
Ділі басқа болған соң,
Қол-аяғын матап бір,
Қойсаң-дағы қосақтап,
Қосылмайды нәтінде...
Жатыры бөлек болған соң,
Батыры бөлек болған соң.
Ханы менен патшасы,
Хакімі бөлек болған соң,
Орман-тоғай тоғысып,
Өзен-суы жұғысып,
Жақындамас –
Жат ірге...
Құдайдың берген жеріне,
Қол сұқтырмай төріме,
Қоқаңдатпай қоқанды,
Қайқаңдатпай қалмақты
Қойдай қырып,
Қуып ем –
Бұл қазақты Батыр де!..
Ақ білектің күшімен,
Ақ найзаның ұшымен,
«Аттандасып» алған жер.
Ат үстінде мерт болып,
Айнымасқа серт беріп,
Ата-бабам қалған жер,
Айнымасқа
Анты бар,
Атамекен – қонысты
Қойғаным ба
Қор қылып
Аузы түкті кәпірге!
***
Ақи көзі
Аларып,
Алды уақыт мұршаны,
Қорғасындай
Қара бұлт
Құбыланы құрсады.
Дүбір тілеп,
Дүние,
Дір-дір етіп
Дегбірі –
Қашып тұрған бір шағы.
Дәл осы бір кезеңде
Сұм жүрегі сезер ме?..
Жады мықты Жәңгір хан,
Зады мықты Жәңгір хан,
«Байбалам салмай
Басу айт,
Қарсы бір шаппай
Қашып айт!
Деген сөзді нығарлап,
Қайтсаңшы деп бір аңдап»...
Қайтсаңшы деп бір аңдап,
Баймағамбет сұлтанын
Махамбетке жұмсады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу