Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  90


Автор: Жәлел Қуандықұлы

ТҰШПАРАХАНА

Уақытқа күстәна көп,
Қараша...
Құс қана жоқ.
Ожданды ойламастар
Жазда да, қыста да тоқ.
Шошынбай үтірден біз,
Жақшаға түтілгенбіз.
Ұрланып көз тігеді
Тұшпара пісірген қыз.
Кәрі күз жаны қатқыл,
Айнала қаңырап тұр.
Бейресми кездесулер
Өтетін шаңырақ – бұл.
Өлең құс – құйын қалам,
Таныс қой күйің маған.
Біз жейтін бұл тұшпара
Мағжанға бұйырмаған.
Толқыса шөккен арнам,
Тағдырға кектене алман.
Кеудемді соққылайды
Сол көзде кеткен арман.
Арманды ар үсірмейді,
Жасықты ез мүсіркейді.
Ресмишіл көкелерім
Біздерді түсінбейді.
Көшеде ашынар күз,
Сиқынан шошынамыз.
Жабықсақ осында кеп,
Жазылып отырамыз.
Аяңдап келем дара,
Жаныма өрем – пана.
Тұшпара – тұшпара ғой,
Өлмейтін – өлең ғана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу