Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  111


Автор: Мерғали Ыбыраев

Ойыда жоқ қиянатты ақтамақ...

Ойыда жоқ қиянатты ақтамақ,
Жастар енді «ов» дегенді соттамақ.
«Ұлын» қосып «ұлт» болса,өзіміз
Қазақ болып бағып едік «ов» пен-ақ.
Салыстырмай бүгінгі, өткен шақпенен.
Мимен емес, асам дейді бақпенен,
«Тегін» қосқан, тегін білмес тексізді.
«ов» пен жүріп бауыздадық мақтамен.
Қыз намыскер келеді әркез ұлдан да,
«ова» едің, «қызы» болсаң, бұлданба.
Солай болып өзгергенмен не пайда,
«Қызым» деген сөзді ұқпай тұрғанда.
«Ов» болғандар жоғалтпаса мұратын.
Қазақ болып сол кездерде-ақ тұратын.
Орыс болып кетіп пе еді, «ев» болған,
Құнанбаев Абай сынды ұлы ақын.
Жоқ, мәселе, бұдан гөрі мәндірек,
«Меңің» жоқта айта берме «менді» көп.
Ұлттық сана жоғалғалы қай заман,
Бірден қазақ болам дейсің енді кеп.
Бір кездері төпеп көзге, басқа ұрған.
Тегін сұра тез өзгерген тақсырдан.
Қорқамын мен, өз күшігін жейтұғын,
Қазақ атын жамылғы еткен қасқырдан.
Халық болып құралмаймыз жоқ-бардан,
Құдай қосса құтылармыз «ов»-тардан.
«Ұлы» болып жазылғанмен ұл емес,
Қорқамын мен қазақ қаны жоқтардан.
Өз нәсілін көрер үлкен мәртебе.
Келер ұрпақ кеш пе, әлде ерте ме,
Есім түзеу ес кіргендік десекте,
Атында емес, затында ғой бар пәле!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу