Өлеңдер ✍️

  08.06.2022
  213


Автор: Аталық Әбдешұлы

КӨКАЙҒЫР МЕН КӨКЖАЛ

(баллада)
Аймаққа шу асаулығымен әйгілі Көкайғыр, қасқыр тартқан
санының ойынды еті салбырап, тұла бойы қан-жоса күйі иесінің үйі
іргесіне келіп арқырай кісінеген-ді. Ертесіне Отпан тауының етегінен
қасқырдың өлексесі табылды.
Отпанның баурайы шалғын шұрат,


Көмкерген бұлақтарын балғын құрақ,
Ернімен ебелекті еппен үзген
Көкайғыр үйірімен қалған жырақ.
Жануар жүйрік-тұғын құлын шақтан,
Көсіліп ертеден кеш талмай шапқан,
Тұяғы қызған шақта омыраулап
Көрінген бәйгелерде алғы саптан.
Айғыр ед үйір үшін арқыраған,
Елірсе, екпінінен жар құлаған,
Қырқысып, тарпып тепкен шайқастарда
Маңдайы талай мәрте жарқыраған.
Әркезде байқалатын мінезінде,
Сескенбей жымып құлақ лезінде,
Асаулық, шайпаулық пен шалыс қимыл
Ерекше біткен-тұғын бір өзінде...
...Сол таудың қырат қабақ шатқалынан,
Бір көкжал шыға келді қапталынан,
Аңсары тай-құлынды жарып салып
Тойынбақ ыстық қанның аптабынан.
Аң мен құс мекен еткен өңкей майда,
Өңірде өзі патша сай-салада,
Кемәлді хайуанаттан тайсалама
Кез болды бір үйірге айдалада.
Көргенде екі көзі шоқтай жайнап,
Араны қорғасындай оқ боп қайнап,
Ақситып азу тісін, аузын ашып
Тілімен жанып-жанып алды қайрап.
Көзі алда, жер табандап қадап басып,
Тақалды ту биеге қанаттасып,
Көк жалы күжірейіп, аузын керіп
Тістерін сақылдата жанап басып.
Жыртқыштың шапшып шықты қан басына,
Атылды «жемтігінің» жамбасына,
Көкайғыр шауып келіп орағыта
Бір тепті сом тұяқпен аң басына.
- Қаңқ,- етіп, қанды ауыз қалды аунап,
Көкайғыр қарсы тұрды қаны саулап,
Еркектік ер айбынын алды жиып
Жауымен жұлқысуға жаны лаулап.
Көреді мойын толғап аспанды көк,
Жарық Күн шұғыламен жасқады дөп,
Ағынан бадана көз шатынады
Өн бойын өшпенділік басқан-ды кек.
Бойында қозып жыны еліреді,


Жымырып қос құлағын желігеді,
Делдиген қос танаудан бу бұрқырап
Қырланған алмас тістер көрінеді.
Кетпендей қару етіп күрек тісін,
Қуатын, танытуға жүректісін.
Қарш шайнап хас жауының желкесінен
Бұлғайды, сілкілейді шіреп күшін.
Қасқайып, тұяқ тіреп жұлқылады,
Көкжал да жансебіл боп бұлқынады,
Босауға балта тістің қыспағынан
Осқылап мойын тұсын ұмтылады.
Қанталап екі көзі пырақ тұрды,
Сілкілеп қандыауызды лақтырды,
Жонымен жапырыла аунап түсіп,
Көкжал да тәлтіректеп, бірақ тұрды...
Қаншама омақаста сағы сынбай,
Соншама дүздүлейің тағы қыңбай,
Арсылдап өршелене шапшиды кеп
Араны көкайғырдың табытындай.
Тарпаң мен түз тағысы байқасады,
Дембе-дем шалт қимылмен айқасады,
Жанталас: бірі-мертігу ,бірі-жеңу
Жолында жалғасуда шайқас әлі.
Бөріге асау айғыр алдырмады,
Дендеуге ешбір амал қалдырмады,
Гүрзідей шойын тұяқ төпей, жасқап
Дөңгелене айналып шалдырмады.
...Көкайғыр сатұр-сұтыр тағы тепті,
Шытынап шықшыт қалды, жағы кетті,
Барлығып үні үздігіп қаңсылаумен
Бөрінің бас сауғалап бағы кетті.
Шапшуға шама бермей тепті тарпып,
Тұмсығын қанжар тіспен кетті қарпып,
Жұлқылап басын әнтек көтергенде
Сыдырып бет терісін кетті қалпып.
Жотадан ұйпа-тұйпа, қан сорғалап,
Көкжал да бәсеңсіді жан қорғалап,
Жыртқыштың беті қайтты мерттігінен
Барады бүгежектеп һәм жорғалап...
Көкайғыр шапшып көкке тарпығанда,
Омырып бүк түсірді қарпығанда,
Танаудан қорқыраған қан жосыды
Өн бойын ажал өрті шарпығанда.
Көкжалдың шапқындаған әлі кетті


Қысылып ең ақырғы зәрі кетті,
Ұйлыққан үркер үйір арасынан,
Бір қулық көкайғырды талып өпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу