Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  131


Автор: Жұматай Жақыпбаев

АҚЫН ӨЛТІРУ ОЙЫНЫ

Ойнайды мұны күштілер,
Ойнайды мұны тістілер.
Жұмсалмағанмен күш түгел,
Жеңісті арам іш тілер.
Аяқталса той ұлы –
Ақын өлтіру ойыны!
Ер білексіз байғұсты,
Зеңбірексіз байғұсты,
Қу арақ тойда, мұнда да,
Қуалап ойға, қырға да,
Ойнайды заман сойылы –
Ақын өлтіру ойыны!
Заңын да салып соңына,
Жарын да салып соңына,
Қоймайды жанын, үндеме,
Ойнайды күндіз, түнде де.
Қамшы бас, заман сойылы,
Ақын өлтіру ойыны!
Көріне даусын жеткізбей,
Еліне даусын жеткізбей,
Аузы мен мұрнын тығындап,
Сыртынан сұмдар сыбырлап,
Ойнайды келіп той ұлы,
Ақын өлтіру ойыны!
Жас бала демей қарбытып,
Баспана бермей қаңғытып,
Тойласын соңғы жеңісін,
Солардың жері кеңісін.
Өлтірмей құдай жөнімен,
Ойнап жүр енді менімен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу