Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  108


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ҚАРЛЫҒАШ

Жүгіріп апаң жаңадан түскен келінше,
Текемет жауып, теріскей жақтан жел үрсе,
Тезегін қымтар, теректің басы тербеліп,
Тырсылдай тамып тақырға тамшы себілсе.
Қанаты сурет көбелек аңдып қаңғыбас,
Аспанда ісі, аулақта жүрген қарлығаш
Ауадан дымқыл сезгенде қайта асығар,
Аяқ-қанатсыз алтындарына қарны да аш.
Әуеден қағып, әулекі жемін шалт іліп,
Жаңбырдан озып жүйтки де ұйтқи алқынып,
Жүзімдей бұжыр, жүректей жылы ұяға,
Жалтарып жалт-жұлт жетеді-ау байғұс шарқ ұрып.
Сары ауыз бастар селк етіп ашып ұйқыны,
Шығады-ау сонда шаттықтың бұйра шиқылы.
Шырылдап жүрген қарлығаш жанын сондағы,
Жеткізе алмас шанақтың аузы, күй тілі.
Жусанын жуып, жасартып жаңбыр даланы,
Ашылған кезде аспанның шайдай қабағы.
Жүзімдей бұжыр, жүректей жылы ұядан,
Қарлығаш шығып, құйқылжып әнге салады.
Қарлығаш әні – тіршілік әні, күй әні,
Көркейтсем дейтін көңіліндей көркем ұяны.
Хас сұлу жанды қайран да шеше– Қарлығаш,
Жүзеге ассын, жүз миллион болсын қиялы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу