Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  95


Автор: Жұматай Жақыпбаев

КЕРЕГЕМ НЕГЕ КӨГІЛДІР

1
Соңыма қалам алып түскен інім,
Түйе отыр мына сырды ішке бүгін:
Жүйкеге, жүрекке де әсері бар,
Әр түрлі бояу-нақыш түстерінің.
Мәрмәрдан залға орнатып қилы мүсін,
Ғимарат салдырғанда күйлі кісің,
Әр түрге құбылтқанмен, еш заманда,
Қарамен боятпаған үйдің ішін.
Жүргізген суретшінің жүзін жалға,
Бір патша қияли да, қызу қан да
Боятып жасатқан ғой сарайынан,
Ақ зал да, сары зал да, қызыл зал да.
Ізденсе дизайнның маманы әлі,
Табылар үй сәндеудің сан амалы.
Ол айтса, сары түс пен көгілдір түс,
Бояудың көңілдісі саналады.
Ой толғап оранғанда өңір гүлге,
Өссін, – деп оны көрген көңіл күнде.
Ордамның алты қанат керегесін,
Бояймын сондықтан мен көгілдірге.
2
Көзіме Мыңбұлақта түскені бар,
Көгілдір ақшам түгіл, түсте мұнар.
Адамзат қадым шақтан, әлімсақтан,
Осы бір орны бөлек түске құмар.
Ауыртпас алғырлықтан хатқа басын,
Айтар сөз ақыны да таппағасын.
Аққудың көгілдірі депті ақыры,
Көлдегі киелінің ақ баласын.
Адамның шарықтатар көңіл, есін,
Ғажайып көлі де шын, шөлі де шын.
Қазақтың қайран жері, ақпанда да,
Сен маған көгілдір боп көрінесің.
3
Тоғайда – томар, тамыры қалып тереңде,
Тұрғыластары тақтай боп кеткен еденге.
Жас бүршік жарар, көктемім, өзің келгесін,
Жамбастап жатқан қабығы шірік емен де.
Күркіреп күнің, күлгін жіп бері беттетер,
Асыр да салар мақпалдай тықыр көкке төл.
Миялы қырға, көделі бозға сен барсаң,
Қара кесіртке қиярша жасыл боп кетер.
Шәйі мұнарлы шығарсың барлық шығанға,
Байқайсың, көктем, бағыңды шындап сынарда.
Әсемдіктің де әсері шексіз болмайды,
Көгілдір бояу жұқпайды жұқсыз жыланға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу