Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  175


Автор: Жұматай Жақыпбаев

УНИВЕРСИТЕТТЕ

Тағы да сол залмен келем бе,
Бір түйін тіреліп алқымға?
Көнетоз паркетті еден де
Баяғы шаңдауыт қалпында.
Мен болып күлімдей баққаны,
Ұялып қалса да басында,
Күңгірттеу терезе жақтағы,
Сұр жасыл жылытқыш қасында.
Жусанды, миялы ұлыстан,
Болардай мен ертең ұлы ақын,
Бір сұлу ана бір бұрыштан,
Көз алмай күлімдеп тұратын.
Айтылмай арада сөз деген,
Алыстан көңілді ой кешіп.
Жарқылы бөлекше көзбенен,
Көп уақыт тұрушы ек сөйлесіп.
Мұңайтып сол нәзік құрбыны,
Ертеңгі күнді ойлап қайғырмай,
Қоңырлау бұл залға бір күні,
Кеткенмін мүлдем мен қайрылмай...
Сан жылдар өткен-ді арада,
Ұмыттым көп жақсы арманды.
Болдым мен қаншама қалада,
Көрдім мен қаншама жандарды.
Жүрдім мен көгілдір аулымда,
Тағдырға, өмірге аз өкпем.
Қойды да бақтым мен тау, құмда,
Ойды да бақтым мен газетте.
Аз-ау тек таба алған олжам да,
Мінезім көп бірақ жоғалған.
Күндіз де күңгірттеу сол залға,
Енді мен қайтадан оралғам.
Тағы да сол залмен келем бе,
Бір түйін тіреліп алқымға?
Көнетоз паркетті еден де,
Баяғы шаңдауыт қалпында.
Жусанды, миялы ұлыстан,
Болардай мен жалғыз ұлы ақын,
Бір сұлу анау бір бұрыштан,
Көз алмай күлімдеп тұратын.
Жүректі тағы да сулатты-ау,
Тағы да бұл нендей әлегі?
Сонау бір қыздан да сұңғақтау,
Сонау бір қыздан да әдемі, –
Бір қора қыздардан ұрлана,
Сөйлесе жуырда тынбаған,
Тана көз, бұрымды бір бала,
Тағы да көз қадап тұр маған.
Жарқырап жаздағы таңша абат,
Ерекше үлбіреп нұрлы өңі,
Мені бір ғажайып жан санап,
Көзімен аялап тұр мені.
Көп уақыт менен көз алмаған,
Артық жан санаған өзгеден,
Мен осы қалқамды алдаман,
Мен енді біржола өзгерем.
Арманға бой ұрып не түрлі,
Ежелгі батырлар жұртынан,
Мамырдың шынары секілді,
Қайтадан жаңаша құлпырам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу