Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  100


Автор: Жұматай Жақыпбаев

МЕРГЕН МӘРМӘР

Қара да жоқ қазір енді бұл тауда,
Төре де жоқ, төлеңгіт те, сұлтан да.
Егінжайда еңкілдейді комбайн,
Ақ самолет гүрілдейді шырқауда.
Шаңқанайдан ұзаған соң шамалы,
Маңдайымыз Матай жаққа қарады.
Дүниеде асфальт көп, ал мынау,
Ұнағанда ұлы адамға барады.
Шаттықты да іздемейтін кеуделеп,
Шақырмаса шаң көрсетпес елге көп.
Тұла бойым ток соққандай дірілдеп,
Тұрмын, міне, Шоқан сіңген жерге кеп.
Кителінде жалт-жұлт еткен түймелер,
Кілт тоқтатып күлдірлеген күймені ол,
Түскен келіп Тезек төре аулына,
Мерке жақта мейірімсіздікке күйген ер.
Ат қойып кеп жоғарғы ел мен төменгі ел,
Судай қаптап «сұлтаным-ай!» дегендер,
Кер төбеге кетпен тиді кешікпей –
Кетті қайтып келмейтұғын кемеңгер.
Көзбен көріп Бопау менен Жылкелді,
Қайынына қамқор болған күндерді,
Тыным тауып, тығырыққа тіреліп,
Тауда қалды тақиядай бір белгі.
Ер төресі ең кемеңгер, ең адал,
Елін ойлап дем біткен соң демалар.
Ерлігі үшін, өрлігі үшін басына,
Ақ мәрмәр тас қойған сары генерал.
Құлпытасын нұрландырып күн кешке,
Кім жатқанын білдіретін білмеске.
Кемеңгерге көп көргендей сол тасты,
Қыркүйекте ұрлап кеткен бір кеще.
Ақиқаттың баласы ғой әр аңыз,
Күн ашықта күреңітпей қараңыз.
Жыланша иір, жалпақтығы екі елі –
Тағылықтан тасқа түскен жараңыз.
Көкке өрлетер күш бұққанда әр дәнге,
Таңғажайып таста да ашу бар ма әлде?
Қол диірмен бола жаздап болмаған,
Қараймын мен көз ағызған мәрмәрге.
Өзгеліктен өз басына өзі үлгі,
Өміріне өзек еткен төзімді,
Ер сайынын көре алмасаң, көрмесең,
Тас екеш тас шығарады көзіңді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу