Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  164


Автор: Ерболат ҚУАТБЕК

ТЕМЕКІНІҢ ҚОРАБЫ

(Высоцкийге)
Темекі берші, Володя
Қорабым бүгін бос қалды.
Шөлмекпен де дос Мелодия,
Құйып ішейін қос қанды.
Ғасырға тақым салып ең,
«Кірпияз аттар» жолықты.
Бардтың бұлқынған əнімен,
Бөрідей салып жорықты.
Менің даламмен тектес ең,
Жусанға таңып білегін.
Билікті арттан теппесең,
Саптап қояды күрегін.
 Сары баланың Сарыарқа,
Сары күйіне шомды кеп.
Бақұлдасқанда, Таганка,
Жырларың тұрды мөлдіреп
Мүрдеңді ғана көмді кеп.
Зырлатып қара Волгаңды,
Басыңды и қара Өлеңге.
Ғасырда жалғыз Төр қалды,
Мен ғана барар өлерде.
Гитараңның алты ішегі,
Алты құрлықтың дауысы.
Сені иектеген де құс еді
Жəне тұлпардың жарысы.
Домбырамның қос ішегі,
Екі дүниенің иесі.
Мені иектегенде құс елі,
Бостандыққа да күйесін.
Жүрегін ұстап ақынның,
Сенің ішіңде «Гамлет» жүр.
Ажалға «сен» – деп қатырдың,
Өмір жайлы онда əндет бір.
Темекі берші, өтінем,
Қорапқа Өлең жазайын.
Ажалмен қас боп кетіп ем,
Тартқызам бір күн сазайын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу