Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  91


Автор: Нұргүл Оқашева

ҚҰМЫРА КӨРСЕМ…

Жалынға денем шарпылып жатқан шақта бұл,
Құбыла бермей құрағым келді басқа жыр.
Құмыра жайлы толғаншы дейсің, қарағым,
Толқындай тулап тумайды, əттең, қасқа жыр.
Өткенім еске оралды, көңіл, жасыма,
Бала кезімде ойнаушы ем киіп басыма.
Көк құмырасын Мəрия деген көршімнің,
Сылаңдап жүріп сындырып алдым қапыда.
Сындырған сəттен тұмшалап алды сынық мұң,
Үкілеп жүрген үзілді жібі үміттің.
Сол сəттен бастап құмыра атты ойынды,
Ойымнан сыздым, ойынның бəрін ұмыттым.
Ұмыттым бəрін, еркелік қалды артымда,
Атанып жүрмін біреуге, бəлкім, нар тұлға.
Мəрия көршім сол құмырадай сын деген,
Сынбай келемін сан сынақтарда, сан сында.
Құмыра көрсем іші де жүрер мұң бұғып,
Үркіп кетеді білмеймін неден нұрлы үміт.
Құмыра көрсем … жақындауға да жасқанам,
Абайсыз тағы аламын ба деп сындырып…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу