Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  112


Автор: Мерген Тоқсанбай

САҒАН ЖАЗҒАН ЕКІ ӨЛЕҢ

1
Терек түбі. Ескі орындық. Бəрі тың.
Қыз қаланы құшағына ап кəрі Түн,
Ай толқынды сəулесімен сүйгенде,
Көл – көңілдің тыңдап үнсіз ағысын…
Күтем сені… келеді деп ырымдап.
Күлкіңменен кеудемдегі мұңымды ап,
Сен келерсің жібек самал оранып,
Жанарыңда жұлдыз біткен жымыңдап.
Күзгі түнгі жапырақтай дірілдеп,
Үздігулі құлағыма үнің кеп
«Сендікпін», – деп құшағыма енгенде,
Жүректегі өлген сезім тірілмек.
Жасыл шөптен жайып тастап көрпеше…
Қан қысымым көтеріліп төрт есе,
Алақанды аймалаған алқынып,
Оттай ыстық омырауың өртесе.
Ерініңдегі шиелерден үзіп ап,
Тамсанатын тəтті сəттер – қызық-ақ.
Сен кетерсің апақ-сапақ мезгілде,
Жон арқамда тырнағыңның ізі қап.
 2
Терек түбі. Ескі орындық. Тыныштық.
Тағы отырмын көл самалын тыныс қып.
Қала да сол Түн қойынында… ұйқысыз,
Ай да көктен шашып отыр күміс түк.
Толқын да сол… көңілімдей мазасыз,
Жұлдыз ақты. Тұтпады оны аза Түз.
Жан жаурады жалғыздықтан сірə да?
Бірақ қазір ауа – суық, дала – сыз.
Көзімдегі көл – мұңымды шайқаған,
Қамыс жақта езеурейді сайтан əн.
Жолға қарап сені күтіп отырмын,
Келмесіңді білсем дағы қайтадан.
Жолға қарап… көз талдырам неге Мен?
Сен жоқсың ғой… ешкім де жоқ! өлі əлем.
У жұтар ем ойланбастан тап қазір
Жан жарама осы болса егер ем.
Бейбақ басқа қайта қонбай Қызыр – Бақ,
Тағы қанша түндер түсім бұзылмақ?
Сені… бəрін баяғыда ұмытқам,
Тек жүректе тырнағыңның ізі қап…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу