Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  92


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

ҚАРТПЕН ƏҢГІМЕ

Бармаймысың, ақсақал, елің жаққа,
Бос тұр əлі бір орын төрім жақта.
Қатын да би болып жүр, бала да би,
Өзіңіздей көненің көзі жоқта.
Кеткеніңіз қай заман ол аумақтан,
Ауған елге кезіккен жол аулақтан.
«Адам басы алланың добы» дейсіз,
Басыңызды не деген көп аунатқан?
Қалай кеттің қартым-ай, мекеніңнен,
Кемсеңдейсің, көргем, – деп – əкеңді мен.
Ағайынмен кеттің бе араздасып,
Жесір дауы, жер дауы кеселінен?!
Болмаса əлде жауларың сұғын қадап,
Құтылдың ба қан кешіп, қуғында қап?
Ата жаумен атысқан сардар ма едің,
Əділдіктің төбеге туын қадап.
Бұлауланды қартым-ай, көзің неге?
Құлазыған тұр екен көңілде не.
Биігіне бұл жердің шыққаныңда,
Он екі өзені Алтайдың көріне ме?!
Барыңызшы, ақсақал, ауыл жаққа,
Кəрілік пе əлде, қалыпсыз ауырлап та.
Алдыменен Ертістен ендей өтіп,
Одан кейін боларсыз Сауыр жақта.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу