Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  211


Автор: Айжан ТАБАРАКҚЫЗЫ

Түнгі мұң

Еңсемді ылғи басады осы түн неге?
Шер дегенің жеңіл емес кімге де.
Түсінем ғой жалғыздығын жаныңның,
Үндемеші, үндеме.



Бізге қазір керегі не ақылдың,
Өкінішін сездім жазған хатыңның,
Бір сағыныш көкірегімді сыздатып,
Жылай да алмай жатырмын.



Осыншама айналдырған санамды,
Бұл не сезім... бәрі түнек... қараңғы,
Ойнағысы келді-ау тағы тағдырым,
Тырнап ескі жарамды...



Бәрі бұлай бітетінін кім білген,
Қайда күндер, сен деп өмір сүргізген.
Күнәсі көп болса да сол кештерді,
Ұмыта алмай жүрмін мен...



Жүрек қанша қасіретті өткерді,
Сені бәлкім, бұл маңдайым көп көрді,
...Содан бері сенбей кеттім Өмірге,
Содан бері күтпей кеттім Көктемді. 



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу