Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  216


Автор: Еркеғали Бейсенов

Аңшы

 


 


«Қаптаған мақұлықты баптау қиын», -


Демеңдер!


Нағыз аңшы тапқан иін.


Дәстүрлі еңбекпен ол рахаттанып,


Деп білген табиғатты «мақпал үйім».


 


Асатса түнде ақжем азырағын,


Ұмытар бүркіт баптан қажығанын.


Қонады таңсәріде қазанатқа,


Шақырып маңтөбет пен тазыларын.


 


Мысымен түз тағысын ұтатын-ақ


Сенімді сырттандарға сыпаты нақ.


Кигені – құрым етік, тері қолғап,


Шолақ тон, мақта шалбар, жұқа тымақ.


 


Оң қолы шыдап бүркіт салмағына,


Білегін қойған аша балдағына.


Кездігі санын соқса,


Жарасып тұр


Тақымға шоқпар қыса салғаны да.


 


Жүзіндей ғашықтардың жымыңдасқан,


Үндес-ау, сағым дала, тұнық аспан!


Саф ауа тынысына тыныс қосып,


Қазанат әр қадамын мығым басқан.


 


Дүние ақ мамықпен қымтаулы кіл,


Шалмаған өркеш-өркеш қырқаны кір.


...Өзінен, лас қоғамнан қашып шыққан,


Жігіттің келе жатыр сұлтаны бір!


 


 


VІІ


 


Қазағым, жырым – ұлттық сүйенішің!


Мәңгілік мазмұнына иемісің?..


Торғай деп аталғанмен туған жерім,


Ұшырған қырандарды киелі шың.


 


Жанашыр жампозыңның зары қатты,


Сауырға самарқаулық табы батты.


Ақселеу Сейдімбектің сендік серті


Шәкіртке менен өзге дарымапты.


 


Пейішке сөз тамырын тартар ағам,


Білімін құйып кетті сарқа маған.


Аманат болашаққа этно-жыр,


Ғылыми жұмыс жүгін арқалаған!


 


Шөлдесең, көзін ашқан бұлақтаймын.


Жаурасаң, қасқыр ішік, тымақтаймын...


Елеусіз көмекшімін қасыңдағы,


Айқайшыл «ұлтшылдарды» ұнатпаймын!


 


Қойнынан жүрген ылғи сый ақтарып,


Бай көрсем, кетер бетті ұят қарып...


Үштоғыз – аманат-жыр!


Отырмайын


Олжасыз жүрген аңшы сияқтанып.


 


Жоғары мақсат емес туыс қамы,


Әдірем қалсын, бедел жұмыстағы!


Түсті ғой талапайға, сапа кеміп,


Құндылық қайран біздің уыстағы!


 


Шетелді қылдық разы қолдан қыса,


Содан соң көкірекке қонған құса:


«Қазанат, тазы, төбет, бүркіт, аңшы


Бәріне бір ескерткіш орнатылса...».


 


Қазанат.


      Тазы.


                         Төбет.


                                    Бүркіт.


                                                Аңшы.


Астана, бір даңғылға түртіп алшы! 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу