Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  107


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Есiмнен шықпай қойды ғой...

Есiмнен шықпай қойды ғой,
Аялы көзден күлгенiң.
Қиянда қалғып қалды ма ой,
Бiлмедiм, жаным,
Бiлмедiм.
Жасырын сырлы жаралы Ай,
Таңдана қарар мұныма.
Күндiз бе,
Түн бе – қарамай,
Орана түсем мұңыма.
Жиiлеп жүрек бүлкiлi,
Өзiңдi ойлап көз iлгем.
Қайда да сол бiр күлкiнi,
Жүрдiм мен ертiп өзiммен.
Сыңғырлы сазы шақырып,
Бiр қырдан
Бiр қыр асады.
Оңтүстiк желi қапырық,
Күлкiңдi ала қашады.
Арыстың балғын құрағы,
Бұлағы кəусар Шаянның,
Күлкiңе салып тұрады,
Содан да сергiп ояндым.
Тербешi жанды,
Тербешi,
Сезiмдi сыңғыр қақтырып.
Iңкəрлiк қанат сермесiн,
Жетейiн ұшып,
Аптығып!
Ойласам жаным сөгiлген,
Жанарың менен таймағай.
Күлкiңмен көзден төгiлген,
Аймалай бершi,
Аймалай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу