Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  95


Автор: Марат Нұрқалиев

Эволюция

ХХ ғасыр:
Атқан таңды кеш қылып,
Сыра ішкен көпшілік
(Болса дағы есті жұрт),
Анекдот соғып лепіріп,
Көбік жұтып кекіріп,
Кепкен балық қаңқасын
Атып жатты айдалаға...
(Қоқыс салар қорапты
Дегендей біреу «пайдаланба!»)
...Болды ма әлде бір айып,
Шамасы, бұдан лайық
Басқа бір орын табылды,
Сырахана жабылды...
Уақыт – жүйрік қуатты,
Жылдарға жыл ұласты да,
Сусындар алтын суатты
Жасырып алды құм астына...
ХХІ ғасыр:
Археолог ағайын
Ағартқанша самайын
Зерттеді сол араны:
Қазды. Ашты. Қарады.
(Табылса зат жарады!)
...Тұрғанда үзіп үмітті
Қолын салып қалтасына,
Сол сәтте кенет көз түсті
Бірдеңенің қаңқасына!
... «Бұл жер – теңіз түбі екен,
Ал мынау – соны мекендеген
Жәндіктің бір түрі екен», –
Деп ғалымдар: «Бұл бір іс –
Жаңалық!» – деп,
Жар салып қойды.
...Музейге келген бір ішкіш
«Апырай, ә!» – деп
Тамсанып қойды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу