Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  110


Автор: Марат Нұрқалиев

Таудай талап

Тілші болмақ
Таудай талабым бар еді,
Қойнымда – қойын дәптер,
Қалтамда қаламым бар еді.
Бірақ
Жолым болмай жүр,
Тіпті оңбай жүр.
...Бір очерк жазбақ боп
Шопан жайлы атақты
Барып едім, шалымның
Шығарғаны шатақты:
– Үйімде отыр біреуің,
Сен ғана жетпей тұр едің!
Мініп алып мына атқа
Қойды айдашы суатқа, –
Деген соң атқа қондым да,
Үй жаққа байқап қарасам –
Ошақтың басы қара шаң.
Кемпір қазанды
Бұрқылдатып
Асып жатыр екен,
Тілші кемпірді
Суретке басып жатыр екен...
Қой бақтым-ау сол күні
Қалғанша күн кешкіріп,
Келмей қалды, апырай,
Өмірге бір очерк!
«Енді кімді жазамын?»
Деп ойланып жатырмын.
Табылмай сәйкес адамым,
Шақшадай басты қатырдым.
Сатушы Сәндіні
«Жебір» деп жұрт жақтырмайды,
Ал дәрігер Дәлдуді
Итпен іздесең таптырмайды.
Мәселен, Пішенбайдың
Тракторшы Саматы бар...
Е-е, оның жұмысқа
Бір күн шықса.
Бес күн жатып алатыны бар...
Қоймашы Қойтан ше?
Өй, талай көзіміз көріп жүр,
Тұқымдық астық шіріп кеткен,
Қоймада тышқан өріп жүр...
Ал мұғалім Тапырық!
Мінезі оның мүлде тоң,
Ол жайлы тек қатырып
Жазу керек фельетон!
Зоотехник Апақ «асап» қойған,
Жалған акті жасап қойған.
Ал монтер Монтайдың
Бағанға шықса
Басы айналады.
Түкке де жарамайды.
Тек ішінен ас айналады...
Кейіпкер жоқ, әттеген,
Көз ілмей,
Таңды таңға ұрдым.
Қала ма шабыт – дарыным
Тәлкегіне тағдырдың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу