Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  120


Автор: Марат Нұрқалиев

Бақсы туралы баллада

...Бір күндері төтеннен
Алып ұрды тұмауың.
Көзімді көк жөтелден
Аштырмады сұм ауру.
Танауым бір құрғамай,
Бас зырқылдап барады.
Қауіптенем, апырмай,
Асқынбаса, жарады!
Тұмау деген мықты азап,
Оңайлықпен көше ме?!
Емхананы бетке ұстап,
Шықтым дейсің көшеге.
Сол-ақ екен, алдымнан
Бір танысым кездесіп:
– Шетелге кетіп қалдың ба,
Көрінбейсің, хал нешік! –
Деп жабысты сол сойқан,
Сор боларын білген кім.
– Тұмау деген – түк емес,
Мынауский
емін білемін! –
Осы күннің «бақсысы»
Бет-аузыма бір қарап, –
Ем біткеннің жақсысы –
Жарты литр ақ арақ.
Бұрыш қосып ішкен абзал,
Терлеу керек кешке дейін.
Қонбаса егер бұл ем саған,
Мұрынымды кесіп берейін!
Оллай-беллай, мені түсін! –
Деп қарғанды балгерім.
– Қайдағы бір тұмау үшін
Мазалама дәрігерді.
Деп «рецепін» айтып берді,
Аптек болды ас дүкен.
Көкең үйге қайтып келді,
Жалғыз емес – «бақсымен».
Тауысып бір табақ етті,
Түбіне жеттік «жартының».
Қисалаңдап «бақсы» кетті,
Мен бүркеніп жатырмын.
Шипа болмай, асқынды ауру,
Амал құрып ақыры
(Керек әлі өмір сүру)
Жедел жәрдем шақырдым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу