Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  92


Автор: Марат Нұрқалиев

Мәселен

Мәселен,
Өмірде мәселе көп,
Мәселен,
Өзіңде не нәрсе жоқ –
Соның бәрі кетеді
мәселе боп.
...Мәселен,
Әйел дейтін әйдігіміз:
«Шетелдік етік – арманым,
Таппасаң – кетіп қалғаным!» –
Деп шалқасынан түседі.
Ал ол етіктің салмағы
Сен сияқты сабаздың
Қалтасына түседі.
Шетелдік!
Оңай нәрсе ме?!
Бұл да бір сондай мәселе.
Амалсыздан
Қалтаңды толтырып ап
Тамыр-таныс жағалау керек.
Біреуіне «көкелеп»
Біреуіне «ағалау» керек.
Әрі қалтаңды сыртынан
Сипап тұрасың,
Торды сөйтіп құрасың.
Ақыры іздегеніңді
Екі есе бағасына тапсырасың.
Оның үстіне «доставайтқа»
Тағы бір жүзді лақтырасың.
Мәселе ме?
Мәселе!
...Мәселен,
Тағы да бір мәселе –
Ауданнан
Комиссия келеді.
Сонда оған керегі –
Тексеріс пе?
Тексеріс!
Кім болушы еді бұл күнде
Кемшіліксіз, теп-тегіс?!
Бірдеңенің басы
Қылтиып көрініп қалады,
Ал біздің алдымызда
«Қалайша құтыламыз?»
(Құтылмасақ, ұтыламыз!)
Бір амалын табу керек
Деген сауал керіліп тұрады.
Яғни, комиссияның көмейіне
Бірдеңе салу керек.
Ретін тауып,
Ауызбастырық береміз,
Оны я cay күйінде,
Я болмаса
Mac қылып береміз.
(Мұндайдың
Талайын көргеміз),
Кейбіреудің көмейі,
Тегінде, кең келеді,
Ол көмейге не салсаң да,
Жей береді.
Көргеннен соң айтамыз,
Нанбасаңыз, байқаңыз,
Талғамай-ақ
«Асап» береді,
Сосын
«Бәрі дұп-дұрыс» деген
Қорытынды жасап береді.
Мәселе ме?
Мәселе!
Иә, бұл күнде
Не болса сол
Мәселе боп кетеді.
Мәселен.
– Жә, осы да жетеді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу