Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  127


Автор: Марат Нұрқалиев

«Нешауа»

– Ағатай,
Аздап ақындығым бар еді,
Шынын айтқанда,
Қаршадайымнан
Әдебиетке жақындығым бар еді.
Мына бір-екі өлеңіме
Төрелігіңізді айтып берсеңіз,
Жаратсаңыз бастырып,
Жаратпасаңыз, қайтып берсеңіз, –
Деп өтіндім Адақбай ағамыздан
(Кім біледі,
Жақпаймыз ба, жағамыз ба?)
Адақбай – аудандық газеттің
Ауызы алты қарыс
Азулы ақыны-тын.
Жаңылмасам,
Жақып дейтін құдамыздың
Құдаларының жақыны-тын.
Сол Адағым
Өлеңдерімді түзей-түзей
Қызыл бояуға толтырып шығарды,
Сосын «өлтіріп» сынады.
– Шырағым,
Идея жоқ бір түйір мынауыңда,
Кемістік бар көптеген
жырлауыңда.
Ақын болу,
Айнам-ay, оңай ма екен,
Бұларыңды басуға
Болмайды екен! –
Деп Адекең төрелігін
Төрт сөйлеммен айтып берді,
Өтпей қалған өлеңімді
Өзіме қайтып берді.
– Жа-Жақаң жолық деген соң
келіп едім,
Ризамын, ағатай,
айтқан сынға... –
Деп шығуға бет ала беріп едім...
– Тоқта!
Бірден солай деп айтпайсың ба!
Жақаң қалай,
Мықты ма қас қыраның,
Жұбайы ше,
Ол бізге құдашалау!
Қалдырып кет,
Түзетіп бастырармын,
Өлеңдерің былайша нешауалау... –
Деп өзгеріп табанда
Шыға келді «жақынымыз».
Содан бері біз деген –
Нешауалау газеттің
Нешауалау ақынымыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу