Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  117


Автор: Бекен Әбдіразақов

Рақмет тағдырға кездестірген...

Рақмет тағдырға кездестірген,
Ұмыт қалған бақытпен кездестірген!
Мен жүзіңе қараймын есім кетіп,
Мүмкін, аппақ көңілің сезбес бірден!
Ыстық жүрек мендегі суынғанда,
Сағынышпен омырау жуылғанда,
Көп іздедім от берер қаракөзді,
Күдіктенген сондай жан туылған ба?!
Сені көріп қуандым бұл жалғанда-ай,
Жанарыңнан үмітті нұр жанғандай,
Дүние ғұмыр жарқырап жүре берді-ау,
Қайта оралып көктемім гүл жарғандай!
Көрсең мені, ақырын күлімдейсің,
Маған жұмбақ сезімнің тіліндейсің.
Жастық шақта жоғалтқан арманымның
Талып енді естілген үніндейсің...
Үзілгенім қайтадан жалғанардай,
Менде оянды құштарлық таңғалардай!
Тіршілікті баз кешіп жүргенімде,
Бір сенімен, қарағым, жан қалардай!
Ләззаттан да болған ем тойынғандай,
Жүрегімді толқытқан ойым қандай?
Білмей, оны қу жаным құлазиды,
Жауабы жоқ бір сұрақ қойылғандай!
Гүлім, айтшы, өзіңнің ойың қандай?
Менің алда таусылмас тойым бардай.
Жүрек құрғыр лұпілдеп, мазалайды,
Ақ отауда ақ бие сойылғандай!
Егер тағдыр сыйласа бұл қызығын,
Керегі не аспанның, жұлдызыңның?!
Өмір бойы өтермін жырлап сені,
Бұлбұл сайрап түнде де, күндіз үнім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу