Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  94


Автор: Бекен Әбдіразақов

Өлеңім, сен болмасаң қайтер едім?

Өлеңім, сен болмасаң қайтер едім?
Есігін қағар едім қай төренің?
Елу жыл емінбестен Құдайға да,
Сенімен суардым жан бәйтерегін.
Сарғаймай, желге де ұшпай жапырағым,
Алыстан армандарды шақырамын.
Сыңғырлы сағыныштың самалындай
Сенімен өмір таңын атырамын.
Жетіқат шыңыраудан жан сырымды,
Шым-шымдап у аралас бал-шырынды
Шығарып, таза торсық жүректерге
Құямын, баспай бойдан қалшылымды.
Обал жоқ қақалған мен шашалғанға,
Ер жігіт мыңқ етпейді бас алғанда!
Өлеңім, адалға – бал, арамға – у
Болып сен жабыссайшы қасарғанда!
Тірлікте дос-дұшпанды айырмағам,
Кещелік қандай сыйын дайындаған?!
Енді сен жалған дүние бетін жыртшы,
Солай бір жаса, жаным, қайыр маған!
Өлеңім, сен болмасаң қайтер едім?
Құлатпай келем тірлік бәйтерегін.
Пайғамбар жасқанатын шындықты да
Жасқанбай жер-жаћанға айт, өлеңім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу