Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  110


Автор: Шырын Толқынова

Арман қала алматы

Есімде, бәрі есімде бала кезім,
Бармақтай ғана еді ғой сана сезім.
Алматы арман болып көрінуші еді,
Біздерге жүрген сонда дала кезіп.
Нарттай қызық алманы апам берсе,
Бала емес пе ек қылығы әпендеше.
Жеуге қимай сақтаушы ек сол алманы,
Алматыдан тағы алма әкелгенше.
Балалық па, жан бағу қиын еді,
Жоқшылықтың білдіртпей күйін тегі.
Ширап, тозып қалғанша киюші едік,
Алматыдан әкелген киімдерді
Алматы тұрғандай боп басқа аралда,
Арманым жүруші еді бастап алға.
Мен алма әкеп беріп Алматыдан,
Жүрсем деуші ем арман боп басқаларға.
Сол бір арман жетелеп содан бері,
Жырлап тұрмын сол арман қаламды енді.
Келбетіне бар әлем бас ұрғандай,
Алматыда екен ғой ғалам төрі.
Кезім бүгін қиялдан сап арылған,
Балалықтың оралып сапарынан.
«Жастық» атты бағыңды бойлап барам,
Алма-жырым үзіліп сабағынан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу