Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  99


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Сағыныш

Самала кеш. Күмбірлеп маздайды үнің,
Көпке балап тірліктің аз байлығын.
Тас-төбемде бір топ қаз қол ұстасып,
Ұзақ-ұзақ қалқыды жазбай жұбын.
Қанаттары жылтылдап, зерге тұнып,
Армансыз бір бой жазды-ау тербетіліп.
Мен қаздардың алғаусыз тірлігіне,
Қызғанышпен қарадым жерде тұрып.
Ақ қаздар-ай, көңілге жай лақтырдың,
Естеліктер нуына бойлап кірдім.
Құсбегіден құтылған кептерлердей,
Тарап кеткен достарды ойлап тұрдым.
Кеттік біздер шашылып, тармақталып,
Əркім сүйген суына қармақ салып.
Үй көрмейтін баяғы серілердей,
Сəлем берсем бəріңе арнап барып.
Оралыңдар кеткендер алыс қашып,
Отырайық бірауық солық басып.
Сонау кездей қайта бір жүрейікші,
Ақ Сағыздың бойында қол ұстасып.
Бұл тірліктің білем деп мағынасын,
Жүргеніңде құриды жары жасың.
Сондай кезде оңаша отырып ап,
Ақзон көйлек достарды сағынасың.
Жүріп келем өзіңе сеніп, өмір,
Алтын деген нəрсемнің дені көмір.
Беу, достар-ай, бейуақта жетіп келіп,
Кетсеңдерші желпінтіп мені де бір!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу