Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  224


Автор: Әбубәкір Қайран

Ескі үй

Біздің ескі үй...
Маңайына шөп өскен.
Ауласы да көрінбейді тезектен.
Мұңаяды моп-монтаны мұржасы:
“Осылай біз өлісеміз кезекпен”.
О! Бұл үйдін тасып еді дәулеті,
Ғажап еді! Қазаны еді сәулеті.
Атағашқа байлаушы еді аттарын,
Көкпаршы мен атбегінің әулеті.
Өркештеніп, “өзің ғой, – деп, сүйенер”,
Қора жаққа келуші еді түйелер.
Қабағынан қар бораған қара шал,
Киелерге – түйелерге иегер.
Былғатпайтын бұлақ басын, су басын,
Тізесіне тартар түйе шудасын.
Қара шалдың қаһарынан қорқып жұрт,
Әзірейіл көретұғын бурасын.
Бәрі де өтті... Күрсінесің... Не етесің!?
Сол күндерге не бар екен жететін!
Қарлы кыста Қаробаны бетке алып,
Үш өркешті түйе желіп кететін.
Бала жастан басын ұстап “кеменің”,
Батыр болсам, батыл болсам деп едім.
Үш өркешті түйе жоқ қой... үшінші,
Алты жасар “ортаңғы өркеш” мен едім.
Болды жолдас – түйе қомы, ат жалы,
Өттім талай “көпірменен аспалы”.
Ғашық еді бар сәулеге жүрегім,
Ашық еді Ақсуаттың аспаны.
Ескі үй, міне, есеңгіреп тұр бүгін.
Тәмәм қылған әкемдей боп тірлігін.
Ессіз үйге ешкім кіріп бармайды,
Атағашқа кім байлайды шылбырын!?
Сан айтылған “сүйіншің» мен “көрімдік”,
Бөлмелерді құстар апты орын ғып.
Арман қуып аттанып ем осы үйден,
Жан-жарымды түсіріп ем келін ғып.
Бар адамға тілей тұғын амандық,
Аластайтын келмесін деп жамандық.
Анам байғүс отыратын мынау жер –
Құлазып тұр құлап қалған қазандық.
Араладым асықпастан баршасын,
Құлағандай күңірендім жартасым.
Қабырғалар қараңдайды қамығып,
Маған беріп кір қожалақ арқасын,
Ескі үй саған, айналайын, не деймің,
Қайта-қайта тамағымды кенеймін.
Саған, сонсоң зират жаққа бір қарап,
Келген жаққа тірлік қуып жөнеймін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу