Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  122


Автор:  Жанар Ешназар

* * *

Күн жадырап,
жер де жіпсіп дала бүгін,
Қыттықтайды кеңірдегін талабымның.
Өлең жазғым келіп еді ынталанып,
Көк сиясы таусылған ба, қаламымның?..

Тарғыл көңіл кеткендей ме, қатуланып,
Кекірейіп келе берді жат ой, неғып?..
Далба-далба сұр жүректен жыр тумады,
Қара қалам тұрғанымен атой салып.

Кернеп алған наз, араздың ытқып бәрі,
Ойнақтаған қаламға бой жықтыртпады.
Табиғаттың төсінен жыр сауайын десем,
Құртты-ау бәрін, безбен ойдың бықпырттары..

Диірменге түскен ерлеп шақар жанын,
Қара қалам қамшылайды қаһарларын.
Жерді иітіп, мұзды жарған әз Көктемім,
Оңалдырсын құныс көңіл шаһарларын!

Жанар Ешназар
9/04/2022ж




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу