Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  295


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Сұңқар құсым, Ғабеңе шын пармысың

Қазақта қара сөздің хас шебері,
Мəңгілік таңбаланған тасқа мөрі.
Дегдар, сырбаз қалпымен сұлу етіп
Ана атын аңыз етіп басқан еді ...
Қазақта қара сөздің лағыл кені,
Қарапайым қалпында сабырлы өңі –
«Оянған өлкесімен» оңтайына ап,
Сайын түз, саһар дала табылды емі ...
Ұлықтап бар əлемге Ұлпан атын,
Ойымен əр түйіннен жыр таматын.
Көзімен əр қиырды бір шолатын –
Азияға сермеді бір қанатын,
Европаға сермеді бір қанатын ...
Қазақта Ғабит деген аты қалған,
Білетін текті біткен, заты бар жан.
Ұлы Ғабең соңында ұлып қалған,
Біздерге жазған əрбір хаты маржан ...
... Ұлы Ғабең – қашан да Ұлы Ғабең!
Ұлы Ғабең – қазаққа Ұлық Əлем ...
Сарыарқаның төсінен самғап ұшқан
Сол сұңқарды əлі күн тірі көрем ...
2
Қанатынан жел ескен сұңқар құсым,
Ғабеңбісің, əлде оған шын пармысың?
Сырбаз құсым, даламның дегдар құсы,
Қияндарға қиналмай шырқармысың ...
«Ғабең» дейміз біз атын атай алмай,
Сұңқарым-ау, ұштың ба тақай алмай ...
Сарыарқаның төсінде сандаламын,
Көкіректе көл-көсір от оянбай ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу