Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  90


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Қара ағаштың қалтырап жапырағы...

Қара ағаштың қалтырап жапырағы,
Қаңтар бізді қай күйге шақырады.
Мені саған байлаған сол бір əуен,
Көкірегімде көктем боп жатыр əлі.
Мың қайталап сол əннің қайырмасын,
Деймін тағдыр өзіңнен айырмасын.
Қас қарайып келеді түнге қарай,
Күннің күмбез қанаты қайырылғасын.
Науайдың ғазалына малып ұшқын,
Хафиздың муза мұңын қанып іштім.
Гүлзар елде гүл жару қандай бақыт,
Недеген қайталанбас сағынышпын.
Есепсіз атуда таң,
батуда күн,
Тақпағын тыңдармысың тақуаның.
Ескірген көкжиектің кеудесіне,
Жаздым мен махаббаттың ақырғы əнін.
Саумал жұлдыз саудырап етегімнен,
Дауыс шықса аспаннан етер елең.
Саған бастар жолдарды көріп тұрып,
Қара басқан жолдармен кетемін мен.
Мені құртар қасірет қалмағандай,
Беу, мына домбырамның зарлағаны-ай.
Қорғасын жыр құяр ем таңдайына,
Құсқа айналып кетпесе таңға қарай.
...Көңілі көбелектей күйгені үшін,
Өмірді менше өртеніп сүйгені үшін,
Қайғыдан қара садақ игені үшін,
Тағдырдың тарғыл оғы тигені үшін.
Сен менің сүйгенімсің,
Сүйгенімсің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу