Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  97


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Өмір-майдан

Үміт күтіп келешек күндерімнен,
Қандай-қандай жолдармен жүрмедім мен.
Ауыздықтап тастап ем асаулықты
Басынбақшы бүгінде кім көрінген.
Кейде өкпелеп біріне қаласың да,
Бірі нақақ күйдірер нанасың ба?
Сезінемін бейне бір жүргендей-ақ,
Екі аяқты аңдардың арасында.
Қоймай жүрген қулығын асыруды,
Түлкі зəлім тоқтат сен басынуды.
Мұрсат бермен күлкіңді жиюға да,
Білмей жүрген екенсің ашуымды.
Жауыздық деген мынау көк төбет пе?
Менің адал жанымды өкпелетпе.
Қабырғаңды қаусатып, қан-қан етіп,
Жеңіп шығам бəрібір жекпе-жекте.
Шибөрісі өсектің өшікпелік.
Сен одан да жүре бер қоқыс теріп.
Бейқам жүрген жанымның ақ кептерін,
Үркітпегін тасадан оқыс келіп.
Жайлы тірлік кешерсің қайда барып,
Өтіп жатыр өмірдің майданы анық.
Тəубесіздер иманын үйірсем бе,
Алдаспанын намыстың қайрап алып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу