Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  2199


Автор: Ершат Қайболдин

МЕН АҚЫН БОЛМАС ЕДІМ

Кімнен, неден, несіне күдіктенем?
Пендемін ғой, пендемін, үміттенем!
Менің асау арманым ұстатпай жүр,
Құрық ұстап соңынан қуып келем.



"Мұңлы жыр жазба" - дейді бұл қазағым,
Менің жерік дейсің бе мұңға жаным?
Дүниенің арқалап күллі азабын,
Мен тек қана мұңайсам жыр жазамын!


 


Адам ба күрсінбеген, мұңаймаған?
Жүрегі бар болғасын жылайды адам!
Жылауық жүрегімді жұбатуға,
Өлең беріп қойған ғой Құдай маған.


 


Жыласа жырламасын неге жүрек?
Жылай берсін, жылайтын себебі көп!
Күліп жүрген сәтімде, білесің бе?
Маған тіпті өлеңнің керегі жоқ!


 


Қуанғанда мен жазған жыр далбаса,
Ақын - ақын бола ма бұлданбаса?
Мен ақын болмас едім бұл өмірде,
Уайым-қайғы, өкініш, мұң болмаса!
_
Ершат Қайболдин




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу