Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  164


Автор: Аманхан Əлімұлы

Сабырлыққа шақыру

Келетін бастан кешті көресінге,
Рұқсат аққұба қыз бересің бе? –
Бақытты етпесем де өкінбейтін,
Қаларсың қалқа болып ер есінде.
Сыңсып тұр сəл-пəл мұңды күміс қайың,
Ұмытып бір уақыт жұмыс жайын, –
Көміліп көк шалғынға мүмкін болса,
Тізеңе қойып басты тыныстайын.
Көремін сырды саған жөн ашқанды,
Табатын шығар сонда толас жанды.
Көзіңнен көгілдір мен теңіз көрдім,
Содан соң көрдім тағы көк аспанды.
Жаныма жағып жақсы қыз қылығың,
Қозғадың кеудемдегі мұзды бүгін.
Жүруші ем бастан кешіп тіршіліктің,
Кеудені жылытпайтын күзді күнін.
Бұ деген көрсеткен бір наз-ақ қана,
Қызуы өткен бастан жаз аптап, ə...
Сабыр тап,сап-сап көңіл, ей, Аманхан,
Оны да, өзіңді де азаптама.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу