Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  289


Автор: Сабыр Адай

Отпан тауда Адай ата

Отпан тауда Адай Атам нағып тұр,
Ұран салып ұл-қыздарын бағып тұр.
Көк зеңгірге қолын созып Ер Бабам
Болашақтың босағасын қағып тұр.
Ұлан-байтақ ұлы көшті бастаған,
Көкірегі көктен нұрлы асқақ əн.
Нұрдан болған халық едік əу баста
Ерге қылыш, елге ырыс тастаған.
Құдай өзі құлай сүйген бабамды,
Пірім Бекет Хақтан жарық шам алды.
Үш жүз алпыс Əулиесі қол жайған
Бұл Маңғыстау жаралғаннан халал-ды!
Жан дауылын жел көтеріп басылды,
Дауыл жыр кеп көзіме шық жасырды.
Таңдайына тамырлаған боз жусан
Атамекен – аруанадай асыл-ды!
Отпан-Отпан!..
Ордалы жұрт көкбөрі.
Көкбөріге ит пенен құс өкпелі.
Адай Ата темірқазық білгенге
Алаш үшін алтын жұлдыз көктегі.
Ұран от пен намысыңды шыңдап ал,
Тірлік күрес, жүз тосқауыл, мың қамал.
Адай Ата мəңгі тірі біз үшін
Болашаққа баба-салт пен бірге бар!
Қарашаңырақ ен қазақтың діңгегі,
Қалың Адай ел едік қой іргелі.
Дəмнен аттап баба салтты ұмытсаң
Қарақазан киесімен тілдеді.
Тегіңді ізде, оян елім, сілкін де!
Амал келді басыңды қос бір күнге.
Өз Атасын сүйе алмаған Адайдың
Алты Алашты сүйе алуы мүмкін бе?!
Шын ықылас шырақ болып жанып тұр!
Алтын күмбез күннен моншақ тағып тұр.
Бір Алланың сүйген құлы Ер Адай –
Ұл-қыздарын ниетінен танып тұр.
Дұшпан күлген жанған оты сөнді деп,
Көрген елміз тажал тартыс көрді көп.
Баба рухы – ұрпағының қанында,
Кім айтып жүр, Ер Адайды өлді деп!?
Адай тірі, мына біз де тіріміз!
Тіріміз біз, бірлік пенен ұлымыз.
Бар қазаққа баба салтын паш етпек,
Қаратауда Отпан атты ұлы құз!
Амал келді сүйіншілеп самалым.
Жасай берсін жасампаз ел, жаңа күн!
Қолыңды жай, ордалы жұрт Отпанда
Баба рухы бата берсін, қарағым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу