Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  123


Автор: Сабыр Адай

Нияз Тобышқа

Асылын сөздің сайладың,
Түйіндеп ойды байладың.
Жүрекпен кездім ардақтап,
Жаныңның нұрлы аймағын.
Əлем бар сенің жаныңда,
Иманның гүлі бағыңда.
Ел үшін еткен еңбегің,
Халқыңның тұрар тағында.
Құдайды сүймек құлдан-ды,
Алғанша Алла бұл жанды.
Қанағат, қайыр, мейірім,
Ұлт бақыты – ұлдан-ды.
Кемедей кезіп біліммен,
Ер едің көзге ілінген.
Кеудемнің қозғап қалыбын,
Бал тамады тіліңнен.
Жат жерде өстің құрақ боп,
Ел менен жұртты сұрап көп.
Қосыңды тігіп сен келдің,
Қосылған қайнар бұлақ боп.
Өнегең өріс қарашы,
Парасат-пайым сағасы.
Сендей-ақ болар туғанмен,
Иманды құлдың баласы.
Самалдай сазды үніңнен,
Естігім келіп жүгіргем.
Елімнің алтын жағасы,
Естелік болсын ініңнен.
* * *
Арымен сөйлеп күйінер,
Сақасын сөздің иірер.
Бар болсын жұрты дей бергін,
Бағасын біліп сүйінер.
Ер жігіт алды ырыстың,
Ерлерсіз алар тыныс кім!?
Жауға салсаң жүзі жоқ,
Тасқа шапқан қылыштың.
Көмгенбіз қанша көп ерді,
Жарбайлар нарды шөгерді.
Соқыр да тиын бəсі жоқ,
Сорлы да ерлер не көрді?!
Қайтесің жаттың данасын,
Елжіреп естен танасың.
Аз тусаң да көп сүйгін,
Азамат ердің баласын.
* * *
Болар енді өлең жаздым, өксідім,
Сөзін айттым ескінің.
Ескі мені естен алып тастады,
Еркімізді езгіледі, жастады.
Қара таудай қалың тарих батпан-ды,
Көңіл қанша тапталды.
Соқа сүйреп өгіз өлмек алқапта,
Біздің тағдыр сол өгізбен ортақ па!?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу