Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  92


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Келемін

Қалыптасқан өз мінезім жас күннен,
Жарысыппын таудан аққан тасқынмен.
Тай-таласқан тас кедергі ағарда,
Аяғымды аңдып-аңдып бастым мен.
Бітіреді жалғыз білек күшім не,
Арпалысқан сезім жүрді ішімде.
Тістегеннің қасқа тісі батқан жоқ,
Өзім елге қас болмаған үшін де.
Бала күнде шала күнде басым дым,
Қу тұрмыстың табанына басылдым.
Жаным ашып жамау болғым келеді,
Мұқыраған сынығына асылдың.
Кетіретін мінез бермей шырықты,
Көп ойларым жабық жүріп шынықты.
Арашаға түсе кеттім түйіліп,
Біреу көзге шұқып жатса шындықты.
Көпке тиер пайдасына бір істің,
Жанымды отқа салып жүріп кірістім.
Су тигізбей келе жатыр алаулап,
Жүрегімнен жанып шыққан бір алау.
Сүйтіп жүріп, сүйтіп жүріп келемін,
Ел-жұртыма болды біттей керегім.
Əттең шіркін жүрегіме бөлесем,
Тап-таза қып жұмыр жердің көлемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу